Жамандықсыз жақсы болмас. Індет Қытайдағы ауаны тазартуға көмектесті


фото: NASA

Коронавирус індеті Қытайдағы ауаның ластану деңгейін төмендетуге көмектесті.Бұл туралы NASA хабарлады. Агенттік ауада азот диоксиді деңгейінің төмендегенін көрсететін тиісті спутниктік суреттерді жариялады.

Азот диоксиді көліктерден, электр станциялары мен өндірістік нысандар арқылы шығады. NASA ғалымдарының айтуынша, әуелі коронавирустық індет басталған Уханьға жақын жерде ауа тазара бастады. Ақпан айының аяғында бұл үрдіс бүкіл елге таралды.

NASA миллиондаған адамдардың карантинге жабылғанын және бұның адамзат тарихындағы ең үлкен акция екенін атап өтті. «Қандай да бір нақты оқиғадан азот диоксидінің дәл осылай азайғанын бірінші рет көріп отырмын», – деп атап өтті NASA жанындағы Годдард ғарыштық ұшу орталығының ауа сапасын зерттеуші Фей Лю.

Зиянды шығарындылардың айтарлықтай төмендеуі 2008 жылғы экономикалық дағдарыс кезінде және Пекин Олимпиадасы кезінде де байқалды. Алайда, ол тек Қытай астанасының айналасында         ғана байқалды, содан кейін ластану деңгейі қайтадан көтерілді, деп атап өтті NASA.