Әділет министрлігі: Гүлнара Каримова активтерді қайтаруда рөл атқармайды


фото: АР

Өзбекстанның әділет министрлігі Гүлнара Каримованың шетелде бұғатталған активтерінің бір бөлігін елге қайтарғаны жөніндегі мәлімдемесіне түсінік берді.

Республиканың Әділет министрлігінің хабарлауынша, Гүлнара Каримованың активтерді Өзбекстанға жеке өзім қайтарып бердім дегенінде ешқандай заңды негіз жоқ және шындыққа жанаспайды. Ведомства құны 1,3 миллиард доллардан асатын активтерді қайтару үшін жұмыс істеп жатыр.

«Бұл активтер Г. Каримованың (оның отбасы мүшелерінің) иелігінде емес, өйткені оларға шетелдің құзырлы органдары тыйым салған», – деп хабарлады Әділет министрлігі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Гүлнара Каримова Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевке жазған хатында бостандық үшін 686 миллион доллардан бас тартуға дайын екенін айтқан болатын. Ол сонымен бірге Швейцария прокуратурасының шешімімен 131 млн доллар Өзбекстанға қайтарылғанын жеткізген.