Алматыда белгісіз біреулер көлік нөмірлерін ұрлап, оларды қайтару үшін QIWI әмиянына ақша аударуды талап етуде


Фото: uralskweek.kz

Оңтүстік астананың Бостандық ауданында әзірге жеке басы анықталмаған қаскүнемдер көлік нөмірлерін жаппай ұрлап жатыр. Болған оқиғаның суреттері мен видеосын Инстаграмға жариялаған зардап шегушінің бірі хабарлағандай, ұрылар көлік иелерінен QIWI әмиянына ақша аударуды талап етеді.

Қылмыскерлер тоналған көлік иелеріне нөмірлерді қайтару және оларды алу үшін «сыйақы» беру туралы нұсқаулар қалдырып кетеді екен. Қаскүнемдердің қоқаңдағаны сонша, олар тіпті өздерін балағаттағаны үшін екі мың теңге көлемінде айыппұл салады.

Ал Алматының полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты кейінірек түсініктеме беруге уәде берді.