Бұрынғы зорлаушылар мен кісі өлтірушілердің көлік жүргізуіне тыйым салынады


Фото: misanec.ru

Ресейде бұрынғы зорлаушылар, кісі өлтірушілер мен лаңкестерге 2021 жылдан бастап такси мен қоғамдық көлік жүргізуге тыйым салынуы мүмкін. Осы норманы қамтитын заң жобасын Көлік министрлігі әзірледі – оны қабылдау қажеттілігін министрлік жолаушылар қауіпсіздігі мақсатында деп түсіндірді.

РФ Үкіметінің баспасөз қызметі «Известия» газетіне хабарлағандай, құжатты шілде айында – заң жобаларын шығару жөніндегі комиссияға, ал қазан айында Мемлекеттік Думаға тапсыру жоспарланған. Бастаманы парламенттік фракциялардың көпшілігі қолдауға дайын. Сарапшылардың пікірінше, мұндай заң қоғамда бұрыннан сұранысқа ие.

Үкіметтің баспасөз қызметі «Известия» басылымына хабарлағандай, қазіргі уақытта Көлік министрлігінде «Жеке тұлғалардың жекелеген санаттарына көлік құралын жүргізуге тікелей байланысты қызметпен айналысуға рұқсат беру ерекшеліктері туралы» және «Заңды тұлғаларды және жеке кәсіпкерлерді мемлекеттік тіркеу туралы» заңға өзгертулер енгізу туралы заң жобасы әзірленіп жатыр.

Егер өзгертулер енгізілсе, заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер таксилерді, автобустарды, троллейбустар мен трамвайларды жүргізуге кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, азаптау, зорлау (егер бұл қылмыстар ауыр немесе ерекше ауыр деп танылса) және лаңкестік үшін сот үкімі алынып тасталмаған немесе жазасын өтемеген адамдарды қабылдамауға міндеттеледі.

«Заң шығару іс-шараларының жоспарына сәйкес, заң жобасын Ресей Федерациясы үкіметіне ұсынудың соңғы мерзімі – 2020 жылдың шілдесі, ал оны Мемлекеттік Думаға ұсынудың соңғы мерзімі – 2020 жылдың қазан айы», – деді министрлер кабинетінің баспасөз қызметі.