Қырғызстанда түнгі клубтар мен кинотеатрлар уақытша жабылды


Фото: RFE/RL

Үкімет Қырғызстандағы түнгі клубтарды, кинотеатрларды, компьютерлік ойын клубтарын, сауда және ойын-сауық орталықтарындағы тамақтану орындары мен балалар алаңдарын уақытша жабу туралы шешім қабылдады. Министрлер кабинетінің баспасөз қызметі хабарлағандай,  шаралар коронавирустың алдын-алу мақсатында қабылданды.

Сауда, қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін азаматтар мен ұйымдарға уақытша шектеу тоқтатылғанға дейін көпшілік шараларды өткізбеуге және қатыспауға кеңес берілді. Сондай-ақ, қызметкерлер мен қонақтарды дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз ете отырып, үй-жайлар мен залдарға санитарлық тазартқыштар, ауа тазартқыштар орнату ұсынылды.   

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 17 наурыз күні таңертең Қырғызстанда коронавирус ауруы тіркелген жоқ, эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бүгінде 341 адам карантинде медициналық бақылауда.